Ақтөбеде көлік апатынан жолаушы көз жұмды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе-Атырау жолында жол-көлік апаты болып, жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде көлік апатынан жолаушы көз жұмды

«Mitsubishi Montero Sport» маркалы автокөлігінің 58 жастағы жүргізушісі Қарауылкелді ауылынан Ақтөбе қаласына қарай бағыт алып, Байғанин ауданы Кенжалы ауылы маңында жол жиегінде тұрған «DAF XF95430» маркалы жүк көлігіне соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан Mitsubishi Montero Sport автокөлігінің жүргізушісі Темір ауданының орталық ауруханасына жатқызылды.

«Көлік соқтығысқан кезде 56 жастағы жолаушы оқиға орнында мерт болды. Ақтөбе облысының полиция департаменті көлік құралдарының жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, Қобда – Жиренқопа автожолының 324-шақырымында ВАЗ-2110 автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі жолдың қарсы жолағына шығып, Қобда ауданының 38 жастағы тұрғыны тізгіндеген Lada Vesta автокөлігімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасынан екі жүргізуші және Lada Vesta автокөлігінің жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.