Ақтөбеде көлік қозғалысы қайта жанданды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының бас санитария дәрігерінің қаулысы шықты. Шектеу шарасы жеңілдеді. Қоғамдық көліктер қозғалысы қайта жанданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде көлік қозғалысы қайта жанданды

Ақтөбеде әлі де ұжымдық шараларды, форумдарды өткізуге болмайды. Сонымен бірге караоке, бильярд, компьютерлік клуб, түнгі клуб, боулинг орталықтарының жұмысы да тоқтап тұр. Балалардың ойын-сауық орталықтары жабық. Кинотеатр, букмекерлік кеңсе және лото-клубтар жұмыс істемейді. Балалардың сауықтыру лагерлері, фудкорт, банкет залдарының қызметі, қалалық және қоғамдық жағажайлар, ашық аквапарктер, театрлардың, концерттік залдардың жұмысына тыйым салынған.

«Демалыс және мереке күндері сауда үйлері, сауда желілері, сауда-ойын-сауық орталықтары, азық-түлік емес және азық-түлік сататын жабық базарлар, сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтары және косметологиялық қызмет жұмыс істемейді. Фитнес және спорттық-сауықтыру орталықтары, бассейндер, спорттық кешендер, сауна, діни объекті, ашық ауадағы аттракциондар қызметі тоқтайды», - деп жазылған Қаулыда.

Қаулыға сәйкес сауда-ойын сауық орталықтары, сауда үйлері жұмыс күндері сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін, ашық ауадағы азық-түлік және азық-түлік емес базарлар жұмыс және демалыс күндері сағат 10:00 - 18:00 аралығында, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлар жұмыс күндері сағат 10:00-18:00 аралығында, ашық ауадағы ауыл шаруашылық, мектеп және азық-түлік жәрмеңкелері демалыс күндері сағат 09:00 – 18:00, сұлулық салондарының, шаштараз, СПА орталықтары және косметологиялық қызмет көрсететін объектілер жұмыс күндері сағат 10.00 – 20.00 аралығында жұмыс істейді. Қоғамдық моншалар жұмыс және демалыс күндері сағат 08:00 – 22:00 аралығында қызмет көрсетеді. Көшеде азық-түлік сатуға рұқсаты бар кәсіпкерлер 10:00 – 22:00 жұмыс істейді. Қалада қоғамдық көліктің жұмыс күндері штаттық режимінде, демалыс және мереке күндерін қосқанда сағат 06:00-ден 21:00-ге дейін жүреді.