Ақтөбеде колледждерге бөлінген грант бақылауда болады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы бойынша 28 кәсіптік және техникалық білім беру колледждеріне 4 мыңға жуық грант берілді. Арнайы мониторингтік топ білімді жастардың оқуға түсуін бақылайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті арнайы топ құрып, колледждердегі емтихандарды бақылады. Мониторингтің топ құрамына кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері, депутаттар енді. Топ білім гранттарының әділ бөлінуі мен өтініштердің заңды қаралуын қадағалайды.
«Бүгін арнайы топ «Тарлан» колледжінде болды. Біз топ құрамына кәсіпкерлермен қатар қарапайым адамдарды енгізіп, орта арнаулы оқу орындарындағы емтиханның әділ өтуін қадағалаймыз. Мемлекеттік грант білімді жастарға берілуі тиіс»,- деді топ жетекшісі Тәттігүл Талаева.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 28 техникалық және кәсіптік колледждерге 3981 грант берілді. Медицина, көлік және коммуникация, ауыл шаруашалығы мен техникалық мамандықтарына бөлінген грант иелері қыркүйекте белгілі болады.