Ақтөбеде қомақты ақша салынған иесіз сөмке полицейлерді әбігерге салды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері полицияға ғимаратта иесіз сөмкенің қалғанын хабарлаған. Мемлекеттік қызметкерлер дереу эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде қомақты ақша салынған иесіз сөмке полицейлерді әбігерге салды

Хабарламадан соң полиция қызметкерлері жедел түрде оқиға орнына шыққан.

«Ақтөбе қалалық ПБ жедел басқару орталығына күдікті зат табылғаны туралы хабарланды. Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері ғимараттан қара сөмкенің иесіз қалғанын айтты. Полиция мен төтенше жағдайлар қызметі дереу оқиға орнына жетіп, келушілер мен қызметкерлерді эвакуациялады. Жақын маңдағы аумақты қоршауға алды. Табылған зат тексерілді. Сөмкеде жеке заттар, құжаттар және қомақ ақша табылды. Біраз уақыттан кейін сөмкенің иесі анықталды, оған полиция қызметкерлері сөмкені тапсырды»,- деді облыстық ПД баспаөз қызметкері Е. Сарқұлов.