Ақтөбеде көмірдің әр тоннасы 20-25 мың теңгеге сатылып жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысына биыл тұрғындар үшін 22 мың тонна көмір қажет. Қазір сақтау орындарында тоннасы 18 500 теңге болса, ауылдарда 20-25 мың теңгеден сатылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы бойынша бюджеттік ұйымдар үшін 32 275 тонна көмірдің 28 978 тоннасы, яғни 90%-ы жеткізілді. Ал 1 904 тонна дизель отынының 1 612 тоннасы, яғни 80%-ы дайын.
«Алдағы жылыту маусымына тұрғындар үшін қажетті көмір көлемі - 22 мың тонна. Бүгінгі таңда 9 528 тоннасы, яғни 43 пайызы тұрғындарға жеткізілді. Сонымен қатар, 11 вагонмен 770 тонна көмір әкелініп жатыр. Оған қосымша 2 480 тонна көмір сақтау орнында бар. Жіңішке стансасында - 280, 41 разъезде - 2 200 тонна. Сату құны тоннасына - 18 500 теңге», - деді Ақтөбе облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев.
Қобда ауданы Ақырап ауылы тұрғынының айтуынша, қазір тұрғындар көмірмен қатар тамызыққа деп ағаш пен қи сатып алады.
«Көмір бағасы бізге жеткізілгенде 20-25 мың теңге болып кетеді. Тасымалдау құны қосылады. Сондықтан оны көп ала алмаймыз. Өзім 1-1,5 тонна аламын. Қысқа деп тамызыққа ағаш аламын. Оның текше метрін 3-4 мың теңгеге бағалайды. Бұл - өзара келісім. Негізі ол да 5-7 мың теңге тұрады. Ал қидың бір тіркемесін 5 мың теңгеге аламыз», - деді аты-жөнін жасыруды жөн көрген тұрғын.