Ақтөбеде коммуналдық қызметтер тарифі төмендеді
Ақтөбе облысының әкімдігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментімен бірге тұрғындар үшін коммуналдық қызметтер тарифін төмендетті. Наурызда су, жылу, электр қуаты 10-20 пайыз арзандады. Бұл төтенше жағдай кезінде қабылданған шешім.
«Бюджет есебінен қаржыландырылатын мекемелерде тариф төмендеді. Мәселен, қаланы салқын сумен қамтамасыз етіп отырған «Ақбұлақ» АҚ-ы, «Теміржолсу-Ақтөбе» ЖШС 20 пайызға, Шалқар ауданындағы «Ұлы Борсық» АҚ-ы тарифті 50% түсірді. Алға мен Мұғалжар, Хромтау, Темір аудандарындағы жылу мекемелері 50 пайыздық жеңілдік жасады. Кейбір ауданда сумен жабдықтауға тұрақты мемлекеттік субсидия беріледі. Сондықтан оларда бұл тариф төмендемеді. Бұдан өзге «Актобеэнергоснаб» ЖШС-да баға 10% төмен. Коммуналдық қызмет көрсететін барлық субъектілер берешегі бар абонементтерге қызмет көрсетуін тоқтатпайды», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.