Ақтөбеде көпбалалы отбасы балаларына 180 оқу гранты беріледі
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде облыс әкімінің 100 гранты мен Ұлттық қор есебінен 180 оқу гранты берілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін оқу грантын бөлу комиссиясының отырысы өтті. Жиынға комиссия мүшелерінен өзге денсаулық, білім, ауыл шаруашылығы, дене шынықтыру және спорт, дін істері, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылары қатысты. Басқосуда облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өңірдегі сұранысқа ие мамандықтарға арнайы бөлген 100 грантына ЖОО іріктелді. Грантты жеңіп алуға жергілікті ЖОО-лардан бөлек Астана, Алматы, Атырау, Орал қалаларының оннан астам оқу орны қатысқан. Бүгін мемлекеттік грантты иелене алмай қалғар жастар үшін облыс әкімінің арнайы бөлген 100 гранты үлкен мүмкіндік болып отыр.

Комиссия отырысының шешімімен облыс әкімінің 100 гранты С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университеті, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеттерінде білім алатын жастарға берілді.



