Ақтөбеде коронавирус инфекциясын жұқтырған балалар мен жүкті әйелдер ауруханада ем алып жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 8 бала мен 8 жүкті келіншек дәрігерлер бақылауына алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде коронавирус инфекциясын жұқтырған балалар мен жүкті әйелдер ауруханада ем алып жатыр

Өңірде карантин шектеуі жеңілдеді. Енді лагерьлер мен жазғы мектеп еш кедергісіз жұмыс істей алады. Сонымен бірге базар, сауда үйлері де жұмысын ішкі тәртіпке сай жүргізеді. Ойын-сауық орталықтарындағы балалар алаңы да ашылды. Дегенмен эпидемиологтар «жасыл» аймақтамыз деп сақтық шарасын естен шығармауға үндеді.

Бір тәулікте 27 адамнан коронавиру инфекциясы анықталды. Оның 22-і симптомды. Ақтөбе қаласымен қатар Ырғыз, Мұғалжар, Хромтау аудандарының тұрғындары ауырып, ем іздеген. Жалпы алғанда бүгінге дейін 11334 жағдай тіркелсе, оның 94 пайызға жуығы жазылды. Қазір үй карантиніндегі адам саны 3 мыңға жуықтайды.

«Бүгінде инфекциялық ауруханаларда 268 адам ем алып жатыр. Оның 190-ы Ақтөбе қаласында. Жансақтау бөлімінде 22 науқас бар. Денсаулығы нашарлаған бес науқас өкпені жаснды желдету аппаратына қосылды. Әлі де 47 бала дәрігерлер бақылауында болса, оның 8-і стационарлық ем алып жатыр. Барлығы 34 жүкті әйелдің де 8-і ауруханаға жатқызылды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Өңірде инфекциялық стационарлар жүктемісі 19,7, ал жансақтау бөліміндегі кереует жүктемесі 13,7 % құрайды.