Ақтөбеде коронавирус инфекциясын жұқтырған үш бала жансақтау бөлімінде жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде коронавирус жұқтырған 458 баланың 26-ы инфекциялық стационарда ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде коронавирус инфекциясын жұқтырған үш бала жансақтау бөлімінде жатыр

Ақтөбе облысы бойынша бір тәулікте 452 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Көбі дерттің симптомды түріне шалдыққан. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, оның 37-і 14 жасқа толмаған бала.

«Балаларды емдеу үшін стационардан 50 кереуеттік орын дайындалды. Қазіргі кезде 26 бала ем қабылдап жатыр. Оның үшеуі жансақтау бөлімінде. Оларға қажетті ем-дом жасалып жатыр. Қуанышқа орай, вирус жұқтырған балалар арасында қайғылы жағдай тіркелмеді. Дегенмен бұрын біз «көбіне ересек адамдар жұқтырып, ауырады» деп айтсақ, қазір жастар мен балалар арасында да өсім бар», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында балаларға арналған вакцина туралы да айтылды.

«Балаларға Pfizer вакцинасын салдыру жоспарда бар. 12-18 жас аралығындағы балалар қамтылады. Қазір бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі де айтып, ақпарат беріп отыр. Бір ерекшелегі, вакцинаны сақтаудың өз ерекшелігі бар. Талап бойынша -80°C сақталуы тиіс. Мұндай сақтау орны тек қан орталығында бар. Вакцина әкелінсе, біз арнайы кесте бойынша тасымалдап, сол нысанда балаларды вакцинациялауды жоспарлап отырмыз. Бұл шамамен қазан айында жасалатын жұмыс», - деді Рүстем Исаев.