Ақтөбеде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны екі есе артты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде бір тәулікте 215 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Өткен аптамен салыстырғанда 2,2 есе өсім тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша 1-7 шілдеде - 417, ал 8-15 шілде күндері аралығында 930 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Өсім 2,2 есеге жеткен.

«Бір тәулікте 215 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 137-сі дерттің симптомды түріне шалдыққан. Ақтөбе облысы 9 шілдеден бастап «қызыл« аймақта. Сондықтан сақтық шарасын үнемі жадымызда ұстап, басы артық көпшілік жиналатын жерге бармауымыз керек. Құрбан айт та онлайн ұйымдастырылады. Біз ғана емес, көршілес облыстың бәрі «қызыл» аймақта. Бұл жағдайдың қаншалықты қиын екенін көрсетеді»,- деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Қазіргі кезде облыс бойынша 309 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның 217-і Ақтөбе қаласында.

«Ақтөбе қаласында 31 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Оның бесеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Инфекциялық стационар жүктемесі 55%, ал жансақтау бөліміндегі кереует жүктемесі 38% жуықтады»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Өңірге 400 мыңға жуық вакцина жеткізілді. Тұрғындардың 191 мыңнан астамы бірінші, ал 102 мыңнан астамы екі компонентті де салдырды.

«Қазір қалада төрт жылжымалы вакцинация пункті жұмыс істеп тұр. Hayat-Vax вакцинасы түгесіліп, тек Спутник V вакцинасын салдырып жатырмыз»,- деді Бекболат Ізбасаров.


Соңғы жаңалықтар