Ақтөбеде коронавирус жұқтырған 400-ге жуық адам ем қабылдап жатыр
Ақтөбеде эпидемиологиялық жағдай күрделі. Кеше өңірде 127 адамнан коронавирус инфекциясы анықталып, ауруханаға түсті.
«Вирус жұқтырғандардың 106-ы дерттің симптомды түріне шалдыққан. Арасында Алға, Темір, Мәртөк, Мұғалжар, Қобда, Байғанин, Ойыл, Шалқар, Хромтау секілді 9 ауданның тұрғыны бар. Аурушаңдықтың өсу деңгейі 2 пайыздан асып кетті. Айта кеткен жөн, бүгінге дейін барлығы 5449 жағдай тіркелді. Қазір 2 мыңға жуық адам үй карантинінде отыр. Олар дәрігерлер бақылауында»,- деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.
Қазір Ақтөбе облысында 400-ге жуық науқас ем алып жатыр.
«Облыс бойынша инфекциялық стационарларда 398 адам жатыр. Оның ішінде 261-і Ақтөбе қаласында. Жан сақтау бөлімінде 21 науқас бар. Оның 4-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Кереует санын арттып жатырмыз. Себебі науқастар саны күн өткен сайын артып келеді. Қазір 1115 кереует дайын», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев. Сонымен бірге екі жүкті әйел де коронавирус инфекциясынан ем қабылдап жатыр.