Ақтөбеде коронавирус жұқтырған сәбидің ата-анасынан індет анықталмады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында 1 жасар нәресте вирусты кімнен жұқтырғаны анықталуда. Себебі ата-анасынан індет табылмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев «Ақтөбе» жергілікті телеарнасында өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы айтып берді. Бүгінге дейін аймақта барлығы 176 адам адам індетке шалдықса, оның 13-і бала.
«1 жастағы бала инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Ата-анасы, әжесімен бірге тұрады. Олар вирус жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болмаған. Эпидемиологиялық зерттеу жүріп жатыр. Ата-анасы вирустық инфекция бар затты үйге әкелген болуы мүмкін. Нақты кімнен жұқтырғаны белгісіз. Алдағы уақытта нақтыланады», - деді Әсет Қалиев.
Айта кетейік, облыс бойынша 21 мыңнан астам адам вирусқа қарсы тексеруден өтті. Бірнеше лабораторияда тәулігіне 1200 анализ алынып, зерттеледі.
«Жеке клиникада тағы бір лаборатория іске қосылса, күніне 1700 анализ алып, тексереміз. Экспресс-тестің 7200 данасы тағы әкелінді. Олар жергілікті бюджет есебінен алынды. 12 мамырдан бастап вирусқа қарсы күрес жұмыстарына жұмылдырылған қызметкерлер тексеріледі. Облыс бойынша барлығы 1825 медицина қызметкері еңбек етіп жүр. Ешқайсысы індетке шалдыққан жоқ», - деді Ә.Қалиев.
Еске салайық, 11 мамыр сағат 17.40-тағы мәлімет бойынша, елімізде вирусты жұқтырған тағы 22 адам тіркелді. Оның ішінде Ақтөбе облысында індет 1 жасар нәрестеден анықталды. 9 мамыр күні оның қызуы көтеріліп, іші өткен. Ал 10 мамыр күні жедел жәрдем шақырылып, одан анализ алынған. Лабораториялық зерттеуден соң баланың вирус жұқтырғаны белгілі болды. Сәби инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Жағдайы қанағаттанарлық. О блыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі баламен ж ақын қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, оқшауландырылғанын мәлім еткен еді.