Ақтөбеде көші-қон заңнамасын бұзған Ауғанстан азаматтары ұсталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде Көші-қон заңнамасын бұзған Ауғанстан азаматтары ұсталды. Олардың көбі Астанадағы жоғары оқу орнының студенттері.

шекара
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Ақтөбеде патрульдік полиция қызметкерлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Полиция мен шекарашылар Самара-Шымкент тасжолының Қарабұтақ ауылы маңында үш автокөлікті тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде Ауғанстан азаматтарының Көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталды.

азаматтары
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

- 15 шетелдіктің жетеуінде виза мерзімі өтіп кеткен. Ал бесеуінде төлқұжаттары болмады. Мән-жайды анықтау үшін олар облыстық ПД-нің Көші-қон қызметі басқармасына жеткізілді. 11 шетелдіктің елордадағы жоғарғы оқу орнының студенті екені анықталды. Қалғандары жұмыс визасымен келген. Қазіргі кезде Астанадағы оқу орнының өкілін Ақтөбеге шақырып отырмыз. Олар келгенше шетелдіктер полиция бөлімінде болады, - деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

Айта кетейік, кеше Ақтөбеде ірі жол апаты болып, бір отбасының 5 адамы көз жұмды. Олардың үшеуі — бала.