Ақтөбеде көше қаңғыбастарын жаппай рентгенге түсіріп жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде баспанасыз қаңғып жүрген адамдардың бәрі бүгін рентгенге түсті. Құрт ауруының алдын алу шарасы кезінде жергілікті полиция қызметі мен қаңғыбастардың орталығы, медициналық мекеме бірге жұмыс істеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласында жүрген көше кезбелері бүгін арнайы орталыққа жиналды. Баспанасыз, көшеде түнеп, тамағын даладан тауып жүрген адамдардың барлығы рентгенге түсірілді.
«Баспанасыз қалған адамдарға арналған орталық пен Ақтөбе облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері, «Сенім трек» қоғамдық бірлестігі, жергілікті полиция қызметі мен қылмыстық атқару жүйесінің облыстық департаменті бірлесе жұмыс істеді. Туберкулезбен ауыратын адамдарды анықтап, оларды емдеуге жіберу көзделді. Мобильді көлік жіберіліп, далада жүргендердің бәрі баспанасыз қалған адамдарға арналған орталыққа жеткізілді. Психологтар жұмысқа кірісіп, криминалистер ДНК анализін алып, ІІД базасына сақтауға құжат жинады. Кездесу кезінде далада жүрген адамдардың орталыққа қоныстана алатыны түсіндірілді. Олар тегін тамақтанады, киім-кешек беріледі», - деді Жанат Молдағалиев.
Айта кетейік, соңғы жылдары орталықта отбасылық жанжалдан соң баспанасыз қалған адамдар да әкелініп жатыр. Қазір мұнда бес ересек, екі бала бар. Таңертеңнен бері барлығы 72 адам рентгенге түсті. Қалада барлығы 200-ге жуық қаңғыбас бар.
