Ақтөбеде көшедегі орындықтарды монтаж көбігімен бекіткен мердігер жұмысы әшкере болды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімдігі орындықты қайта бекітуді тапсырды.

Ақтөбеде көшедегі орындықтарды монтаж көбігімен отырғызған мердігер жұмысы әшкере болды
Фото: Алтынай Сағындықова/ Kazinform

Ақтөбе қаласы Алтын орда шағын ауданы Ораз Тәтеұлы көшесіндегі орындықтар биыл жаңарды. Жаңарту жұмыстары кезінде тіреуі мәрмәр тастан жасалған ағаш орындықтардың жерге монтаж көбігімен бекітілгені анықталды

— Астана ауданы әкімдігі абаттандыру жұмысы аясында 133 орындық пен 133 қоқыс жәшігін, яғни барлығы 266 дана қала жиһазын сатып алды. «Орда снабсервис» ЖШС мердігер мекемесі өткен аптада орнату жұмыстарын бастады. Орындықтар қала ішіндегі алаңдар мен скверлерге, соның ішінде Алтын Орда шағын ауданына да орнатылды. Орнату жұмыстары аяқталғаннан кейін Астана ауданы әкімдігінің өкілдері комиссиялық тексеріс жүргізді. Оның нәтижесінде мердігерге барлық орындықты металл бекіткіштермен қосымша нығайтып, бекіту жөнінде тапсырма берілді, — деп хабарлады Астана ауданының әкімдігі.

Еске салсақ, Ақтөбеде биыл аула аумағын жөндеуге 1 млрд теңге жұмсалады. Ал фонтандарды күтіп ұстау мен қызмет көрсетуге 130 млн теңгеден астам қаржы қарастырылды

Соңғы жаңалықтар