Ақтөбеде құдыққа құлаған балаға көмектескен оқушы марапатталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Әлішер Жангереев пен Әли Мырзағали «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісін тақты. Бірі құлаған баланы көріп, адамдарды көмекке шақырса, екіншісі құдыққа түсіп, алып шығуға жәрдемдесті.
Оқушы мен жас жігітке төсбелгіні Ақтөбе облысы ТЖД бастығы Кахарман Оразалин табыс етті. Екеуі де ҚР ТЖМ Шыңғыс Әріновтің бұйрығымен «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісімен марапатталды.

- Әлішер Жангереев тұрғын үй аумағында жүрген кезде көмекке шақырған дауысты естіп, бірден іздестіру жұмыстарын бастады. Ол құдыққа құлап кеткен баланы тауып алды. Кейін куәгерлерді шақырып, құтқару жұмыстарын ұйымдастырды. №75 мектептің 11-сынып оқушысы Әли Мырзағали құдыққа түсуге келісіп, баланы жоғарыға көтерілуге көмектесті. Әли бүгінде ҚР ТЖМ М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына оқуға түсу үшін құжаттарын тапсырды,- деп хабарлады ҚР ТЖМ.
Еске салсақ, биыл 6 наурыз күні Ақтөбе қаласы Алматы ауданы Қарғалы тұрған алабында мектеп оқушысы құдыққа түсіп кетті. Құдық жанына арнайы белгі қойылған. Қатты жел кезінде артқа қарай жүрген оқушы байқаусызда шалынып, құдыққа құлаған. «Aqtobe su energy group» АҚ хабарлауынша, жеке компанияға тиесілі болып шықты.