Ақтөбеде қуғын-сүргінге ұшырағандардың қылмыстық ісімен танысуға мүмкіндік бар
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментіндегі мұрағатта қуғын-сүргінге ұшырағандардың 13 мыңнан астам қылмыстық ісі сақтаулы. Атылып, ұзақ жылға сотталып, әскери тұтқында болып, жер аударылғандар туралы ақпарат 2014 жылдан бері саяси құрбандардың туған-туыстарына танысу үшін беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағатындағы ақтауға жатпайтын, қуғын-сүргінге ұшырып, сотпен ақталғандардың және Германияда әскери тұтқында болғандардың қылмыстық істері сақтаулы. Бұл құжаттың бәрі бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінде болған еді. 2014 жылы облыстық ішкі істер департаментінің арнайы мұрағатына беріліп, нәтижесінде ақтөбеліктер із-түзсіз жоғалған ата-аналарын, бауырларын іздеуге мүмкіндік алды.
«Ақтауға жатпайтын азаматтарға қатысты істер адамдардың қылмыс жасағанын айғақтайтын құжаттардан тұрады. Отанды сату, қарапайым адам мен әскери тұтқындарға күш қолдану, қарулы топ ұйымдастыру, оларды қолдау, кісі өлтіру және өзге де қылмысқа қатысу. Міне, осы айтылғандар ақталмайтын істерді қамтиды. Олардың жалпы саны 617. Ал қуғын-сүргін жылдары сотталып, кейін ақталғандарға қатысты 9936 қылмыстық іс мұрағатта сақталған. Үшінші бағыт, яғни, Германияда тұтқында болып, өз еліне оралғандар туралы 2520 іс тіркеулі. Қылмыстық құжаттарды адамдардың есепке алу карточкасы, тұтқындалған уақыты мен орны, тұтқында ұстау жағдайы жазылған. Кей адамдардың фотосы бар», - деді облыстық ІІД мұрағаты, ақпараттық-сараптамалық орталығының аға инспекторы Амангүл Ізбасарова.
Қуғын-сүргінге ұшырап, із-түзсіз кеткендерді, әскери тұтқында болғандарды қазір туыстары іздеп, тауып алып жатыр. 2016 жылы барлығы 159 адам туралы мәлімет сұралды. Оның тек 32-сі бойынша қылмыстық іс құжаттары табылды. Биыл қуғын-сүргінге ұшырап, әскери тұтқында болған 10 адам туралы құжат сұраныс бойынша туыстарына танысуға берілді.
«Өткен жылы жақын және алыс шетелден 21 өтініш түсті. Германия, Канададан түскен арыздар бойынша адамдар іздестіріліп, мәліметтер мұрағаттан табылды. Егер Ақтөбе облыстық ІІД мұрағатынан табылмаса, басқа облыстарға, елдерге сұраныс жасай аламыз. Кейде репрессияға ұшырағандардың аты-жөндері дұрыс жазылмайды, әріптері өзгеріп кетеді. Қазір қолымыздағы қылмыстық істердегі мұрағат құжаттарын memorial.kz сайтына тіркеп жатырмыз. Сайтта тек аты-жөні, жалпы анкетасы болады»,- деді Амангүл Ізбасарова.