Ақтөбеде күн 42 градусқа дейін ысиды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында аптап ыстық бір аптадан бері сақталып тұр. Төтенше жағдайлар қызметі шілде айының 8-10 аралығында сақ болуды ескертеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар қызметі 8-10 шілде аралығында ауа температурасы 42 грусқа дейін көтерілетінін мәлімдеді. Қатты ыстық туралы хабарлама облыс тұрғындарының ұялы телефондарына түсіп жатыр. Ал бұл кезде дәрігерлер ыстыққа шыдамай, ем іздеген науқастардың артқанын хабарлады.
«Күн ысып, ауа температурасы 38-40 градусқа дейін көтерілді. Жасы 60-тан асқан адамдардың қан қысымы артып, жиі көмек сұрап келеді, шақыртады. Олар дәріні міндетті түрде ішіп жүруі керек. Бас киімсіз далаға шығуға тыйым салынған, сусыз жүру де қауіпті. Кезек күтіп отырып, ғимарат ішінде ауа жетпей қиналатын жағдайлар да бар»,- деді №1 қалалық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Нұрлыгүл Қанымбаева.
Дәрігерлер мереке күндері де кезекшілікпен жұмыс істеп отыр. Ем іздеп келгендердің көбі қан қысымы көтерілгенін айтып, ем қабылдаған.
«Көкөніс, жеміс-жидекпен тамақтанған дұрыс. Тойып тамақ ішуден бас тартуға кеңес беремін. Қан қысымы түсіп кететіндер де бар. Олар 60/90, тіпті 40/60 болып келеді. Су мен дәруменге бай тағам пайдалы. Үйден шықпай, кешкі салқынды күту керек»,- деді Нұрлыгүл Қанымбаева.