Ақтөбеде құрылысы тоқтап қалған әлеуметтік нысандарға қайта қаржы бөлінді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы бойынша әлі де 12 әлеуметтік нысанның құрылысы прблемалық деп танылған. Биыл құрылысты аяқтап, спорт кешені, тұрғын үйді қолданысқа беру үшін бюджеттен қайта қаржы бөлінді.

Ақтөбе облысы бойынша былтыр 17 әлеуметтік нысан проблемалық деп танылып, бір бөлігіне жобалық-сметалық құжат қайта жасалды. Қазіргі кезде оның 12-і қалды. Сол нысандардың құрылысын аяқтауға бюджеттен қайта қомақты қаржы бөлінді.
- Өңіріміздегі басты мәселелердің бірі – құрылысы ұзаққа созылған жобалар. Сондай жобалалардың бірі Байғанин және Әйтеке би аудандарындағы тұрғын үй құрылысы. Жобалық-сметалық құжатқа түзету жұмысы жүргізілді. Тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау үшін 489 млн теңге бағытталып отыр. Жыл соңына дейін 40 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі,- деді Ақтөбе облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов.
Еске салсақ, Әйтеке би ауданында 2 қабатты 8 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы басталды. Мемлекеттік сатып алу кезінде «РБ-Строй» ЖШС-і жеңімпаз деп танылғанымен, құрылыс жұмысын жүргізген компания өзге. Негізі келісімшарт құны - 175 млн теңге. 2021 жылы 29 млн теңге, 32,5 млн теңге игерілді.
Қазіргі кезде Хромтау ауданындағы спорт кешені, Қарғалы ауданындағы спорт кешені мен Өнер мектебінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.