Ақтөбеде құрылыс компаниясына алданған үлескерлер әкімдіктен көмек сұрады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде үлескерлердің ақшасын алып, жұмысты аяқтай алмай отырған 11 құрылыс компаниясы бар. Бүгін «Сафина» тұрғын үй кешенінің үлескерлері шешімін сұрап, әкімдікке барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбелік үлескерлер тоқтап тұрған құрылыс жұмыстарының жалғасқанын қалайды. Олар бірнеше жыл бұрын құр уәдеге сеніп қалып, пәтерге қажетті ақшаның бір бөлігін, кейбірі түгел аударған.
«Сафина» тұрғын үй кешеніне 3 бөлмелі үй үшін 12,5 млн теңге аудардым. Бұл үйді 2021 жылы желтоқсанда табыстауы тиіс еді. Барлығы 120 үлескер бар. Әлі күнге дейін құрылысы аяқталмады», - дейді қала тұрғыны Айнұр Берікқалиева.
Бұл тұрғын үй кешені алғашында 5 қабатты болады деп келісілген. Бірақ бірінші, екінші корпустарды 6 қабатты етіп салып, қазір жоғарыда орналасқан пәтер иелері құжатын рәсімдей алмай жүр.
«2019 жылдан бері үйді күтіп жүрміз. Әуелде 6,2 млн теңге ақша аудардым. Жаңа инвесторға 700 мың теңге төледім, яғни 7 млн теңгеге 2 бөлмелі пәтер уәде етті. «Сафина» ТҮК үшінші корпусынан 800 млн теңге жиналған екен. Бірақ, құрылысты аяқтамады. Екі корпусы салынған соң сендік, ақша аудардық. Негізі 5 қабатты үй, бірақ 6-қабаты да бар. Оның құжаты жоқ. Бізге көмек керек. Проблема туындаған соң ғана әкімдікке келдік. Өзім үш баламмен апамның үйінде тұрып жатырмын. Арзан болған соң тәуекелге барып едік», - деді Дарина Амирова.
Ақтөбе облысы әкімдігі бұл мәселені шешу үшін жер учаскесі рәсімделуі тиіс деп отыр.
«Бізге «Сафина» ТҮК-нен адамдар келді. Үй Батыс-2 шағын ауданында орналасқан. Үйдің бірінші, екінші корпусы аяқталған. Ал үшінші, төртінші корпусында мәселе бар. Үшінші корпустың жұмысы жеңіл. Үй құрылысының 70-80 пайызы бітіп тұр. Құрылысты бітіру үшін қайта құжат жасап жатыр. Олармен байланысқа шыққан «Ақтөбе қазақ финанс» компаниясының азаматы бар. Ол инвестор емес, бірақ үлескерлерден ақша жинап, үй құрылысын аяқтағысы келеді. Қиындығы – «Ақтөбе қазақ финанс» компаниясының заңды статусы анықталмаған. Оған ақша жинауға болмайды. Сондықтан, тұрғын үй құрылысы компаниясы болып құрылып, құжатын рәсімдеуі тиіс. Кейін ғана мердігер бола алады. Бірінші қабатты салса, соған ақша төлесін. Бұған дейін «Сафина» компаниясы 500, кейбір үйден 800 млн ақша жинаған. Ал, атқарған жұмысы 100 млн теңгеге де жетпейді. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Сондықтан, тұрғындармен кездесіп, өзге адамдарға ақша жинама деп айтып жатырмыз», - деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров.
Оның айтуынша, Ақтөбеде үлескерлерге берген уәдені орындай алмай, құрылысты аяқтау мерзімін кешіктірген 11 компания бар.
«Әр үлескер жайы жеке қаралады. Биыл көп мәселе шешіледі. Тек 1-2 үй құрылысы келер жылға қалады. Себебі, қылмыстық іс қозғалып, қаралып жатыр. Әзірге экономикалық және құрылыс сараптамасы тағайындалды», - деді Нағымжан Алдияров.
Фото автордікі