Ақтөбеде құжатсыз көлік жүргізген жасөспірім ұсталды

Бірінші оқиға 6 тамыз күні сағат 21:30-де тіркелді. Қобда аудандық полиция бөлімінің патрульік полиция тобы Қобда ауылындағы Әбілқайыр хан көшесінде ВАЗ-2114 көлігін тоқтатқан. Көлік жүргізушісі мен үш жолаушының ешқандай құжаты болмады. Тексеру барысында рульде отырған баланың кәмелетке толмағаны, тіпті Шалқар қаласының тұрғыны екені анықталды. Жүргізуші куәлігі, сақтандыру құжаты да жоқ.
«Заңды өкілдері жанында болмай, олар облыстық «Аяла» балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Ал көлік Қобда аудандық полиция бөлімінің айып тұрағына қойылды. Осы дерек бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқару» бабы бойынша жауапқа тарту көзделген. Сонымен бірге тағы бір оқиға 8 тамыз күні тіркелді. Самара-Шымкент тасжолында полиция қызметкерлері ВАЗ-2114 көлігін тоқтатты. Мұнда да кәмелетке толмаған бала рульге отырған. Ол жол-қозғалысы ережесін бұзып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» бабы бойынша жауапқа тарту көзделген»,- деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.