Ақтөбеде қымбат көліктер кортежін бастап жүрген полиция қызметкерлері көптің ашуына тиді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы Шалқар ауданының биылғы мектеп түлектері бітіру кешін ерекше үлгіде өткізді. Олар қымбат көліктер мініп, аудан ішін дабылмен жүріп өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде қымбат көліктер кортежін бастап жүрген полиция қызметкерлері көптің ашуына тиді

Ақтөбенің Шалқар ауданындағы мектеп түлектері бір күнде бүкіл өңірді шулатты. Полицияның қызметтік көлігі бастаған кортеж аудан көшелерімен жүріп өтіп, қарама-қарсы кездескен барлық көліктің жол жиегіне тоқтауына мәжбүр еткен. Әлеуметтік желіні шулатқан бұл видео көптің ашуына тиді.

«Ауданда «Жас түлік-2017» фестивалі ұйымдастырылды. Осы фестивальдің сценарийі бойынша ата-аналардың өтінішімен «Алтын белгі» иегерлеріне құрмет көрсету мақсатында кәсіпкерлердің жеке автокөліктерін алып, Шалқар қаласының көрікті жерлерін аралатып, фотосессия жасалды. Мектеп түлектерінің өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы қызметтік көлікпен бастап жүру жөнінде аудан әкімі мен аудандық ішкі істер бөліміне  хат жолданып, қолдау тапты», - деді Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Қонақбаев. Кортеждегі лимузин де жергілікті кәсіпкердікі. Кортежде барлығы 10-ға жуық көлік болған. Бәрін кәсіпкерлер тегін берген.

Айта кетейік, ауданда 46 оқушы «Алтын белгі» иегері атанып, 36 түлек үздік аттестат алды. Барлығы 492 оқушы мектеп бітірген.

Осы оқиғаға байланысты облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шалқар аудандық әкімдігінен арнайы хат келген соң түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін учаскелік полиция қызметкерлері кортежді бастап жүрген.

«Барлығы алты көлік Шалқар ауданының Есет Көкіұлы көшесінен Ұ.Бақтыбай көшесіне дейін, одан әрі Шалқар аудандық әкімдігі ғимаратынан М.Шыманұлының ескерткішіне дейін, Айшуық көшесінен №8 орта мектепке барған»,- деді облыстық ІІД баспасөз қызметі.