Ақтөбеде мақсарыны өңдейтін зауыт іске қосылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде майды экстракциялау зауыты салынып жатыр. Қазақстан-Тәжікстан бірлескен кәсіпорны күзде майлы дақылдарды қабылдай бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының шаруалары майлы дақылдарды өткізу мәселесін шешті. Күзде Хромтау ауданының Жазық ауылында Ақтөбе майды экстракциялау зауыты пайдалануға беріледі. Мұнда күнбағыс, мақсары, зығыр қабылданады. Бұған дейін дәстүрлі емес шаруашылықпен дұрыс айналыспаған ақтөбелік шаруалар мақсары өсірудің қыр-сырын меңгеруді бастады. Ал Тәжірибе стансасының мамандары мақсары өсірудің артықшылығы мен өзіне тән қиындықтарын айтып берді.

«Мақсарының «ахрам» сұрпы шығарылды. Біз Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында егіп, мол өнім жинаған болатынбыз. Кейін «Дина» шаруа қожалығы 700 келі дән сеуіп, 22 тонна өнім алды. Бұл майлы дақылды қуаңшылықта да өсіруге болады. Еліміздің оңтүстік өңірі суармалы әдісті пайдаланып, өнімді Қытайға сатып отыр. Ол жақта мақсарыдан табиғи таза жиһаз жасалады. Ақтөбеге «Нұрлан» сортты мақсарыны өсіруге болады»,- деді Тәжірибе стансасының маманы А. Жұбанышева.
null 

Айта кетейік, майлы дақыл өсіргендерге мемлекет субсидия береді. Әр тоннасына 15 мың теңге есептеледі.

«Соңғы екі жылда мақсары егіп жүрміз. Көбіне Қытай сатып алады. Бұған дейін өнімді өткізу қиын болса, жаңа зауыт мәселені шешуге көмектеседі. Бастысы -мақсарыға қойылатын талапты анықтау. Мәселен, қытайлықтар мақсары дәні ақ болғанда алады, ал сары болса бас тартады»,- деді шаруа қожалығының басшысы Әділ Құрманаев.

Ақтөбенің Алға, Мәртөк, Хромтау, Қобда, Мұғалжар аудандарындағы ауа райы мақсары өсіруге қолайлы. Зауыт басшылығы шаруа қожалықтарымен кездесу кезінде майлы дақылды егіп, тапсыруды сұрады. Зауыт жылына 20 мың тонна мақсары қабылдауға дайын.

«Зауытта майлы дақылды сақтауға болады. Өнім жинаған кезде ауа райына қарамастан қабылдау жүргіземіз. Ылғал, тазартылмаған дақылдар қабылданады. Зауыт зығыр, мақсарыны бір мезетте қабылдай алады. Барлығы 90-100 адам жұмыс істейді. Мақсары майына сұраныс жоғары. Қытай мен Орта Азияға экспорттай аламыз»,- деді зауыт құрылтайшысы Негматулло Кориджумаев.

Шаруаларға мақсарының ірі қара мен ұсақ малдың жеміне пайдалы тұстары айтылды. Мақсары қосылған азық малдың тез қоң жинауына мүмкіндік береді. Үй құстарына да өте пайдалы. 

Соңғы жаңалықтар