Ақтөбеде мал іздеп, адасып кеткен адамдар табылды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде малшы Жаңа жыл түні жоқ іздеп шығып, үйіне оралмаған. Оны құтқарушылар бүгін ғана тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ырғыз және Әйтеке би аудандарында малшылар жоғалып, адамдар көмек сұраған.
«Ырғыз ауданы Қалыбай ауылындағы шаруа қожалығының малшысы 31 желтоқсан күні мал іздеп шыққан. Содан қайта оралмаған соң 1 қаңтар күні құтқарушыларға хабарласып, көмек сұрады. Іздеу жұмыстары жан-жақты жүргізіліп, атты малшы 3 қаңтар күні сағат 13:10-да Қарақұдық жерінен табылды. Ол Қалыбай ауылына жеткізілді. Медициналық көмекті қажет етпеді. Малшы үш күн далада қонса да өзі жылынып, шайын ішіп, аман қалған»,- деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ 2-қаңтар күні сағат 19:40-та Қарабұтақ ауылдық округі Жарөткел ауылынан 1967 және 1985 жылы туған екі ер адам «Рено Дастер» маркалы жеңіл автокөлігімен мал іздеуге шығып, қайта оралмаған. Ақпарат түскен бойда іздеушілер жедел құтқаруға кірісті. Көлігі қазылған орға түсіп кеткен адамдар бүгін табылды.
«Олар Ұлғайсын ауылы маңында аман-есен табылды. Құтқарушылар автокөлікті қар құрсауынан шығарып, Қарабұтақ ауылына жеткізді. Медициналық көмекті қажет етпеді. Ақтөбе облысының ТЖД азаматтарды алыс жолға шыққан кезде дауылды ескертулермен танысуға және қыста қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады»,- деп хабарлады баспасөз қызметі.
Облыстық ТЖД тағы да ескерту жариялады. Түнде облыстың солтүстігінде қар жауады. Ал батысында, оңтүстігінде көктайғақ, солтүстігінде, шығысында, орталығында бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғып, екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.