Ақтөбеде мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жайылымнан мал ұрлап, сатқан күдікті топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, құқық қорғаушылар Хромтау ауданында үш күдіктіні ұстады. Олар жайылымнан мал ұрлап, сойып алған.
«Тергеу барысында олардың 3-4 күн сайын мал ұрлағаны анықталды. Күдіктілердің бірінің айтуынша, ол малды жайылымнан айдап әкетіп, байлап қойған. Кейін сыбайластарына хабарласқан. Ал олар болса «ГАЗель« автокөлігіне тиеп, Ақтөбе қаласына апарған. Олар ұрланған малды сойып сатқан және мал базарында тірідей өткізген. Заттай айғақтар тіркелді. Сондай-ақ, Ақшат кентінде ұсталғандардың бірінің үйінің жанында бес ірі қара терісі, 2 пышақ, арқан тәркіленді» - деді ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Серік Шалхаров.

Қазіргі уақытта Хромтау ауданының аумағында бұрын жасалған мал ұрлығының 9 фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау үшін жәбірленушілерді анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық кодекстің «Мал ұрлығы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
