Ақтөбеде мамандандырылған әкімшілік сот ашылды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында азаматтардың өтінішін заң аясында сапалы қарау мәселесін қолға алуды тапсырған болатын. Осыған орай заңнама жобасы әзірленді және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қабылданып, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіліп отыр. Бүгінде өтініш білдіру тәртібін жеңілдету үшін және бақылауды жақсартуға арналған «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Осы жүйемен жұмыс істеу үшін екі ай ішінде жергілікті атқарушы органдардың 2439 қызметкері біліктілігін арттырды. Өтініш берушілер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында, халыққа қызмет көрсету орталықтарының базасында 16 фронт кеңсе жұмысын бастады», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Әкімшілік сот мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық заманауи стандартын ескере отырып жабдықталған. Онда ақпарат орталығы, кіріс кеңсесі және өзіне-өзі қызмет көрсету орталығы сияқты үш аймақ бар. Сонымен қатар, медиаторлар, адвокаттар мен прокурорларға арналған жеке кабинеттер дайындалған.




