Ақтөбеде мамандар жарықтың сөну себебін анықтау үшін бірнеше шақырым жаяу жүруге мәжбүр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбеде жарық сөнген аумақта жөндеу жүргізу үшін мамандар бірнеше шақырым жолды жаяу жүруге мәжбүр. Себебі боранды күні ақауды табу қиынға соғып тұр.

ауа райы
Фото: Pixabay

Ақтөбені электрмен қамтамасыз етіп, қызмет көрсетіп отырған коммуналдық мекеме күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қазіргі кезде қалада штаб құрылып, шағым қабылдап жатыр. 15 бригадада 100-ге жуық адам бар.

- Боранда сым қатты қозғалып, бір-біріне тиіп, тұйықталады. Сол кезде жарық өшіп қалады. Хабарлама электр бригадасына келіп түседі. Бригада барған кезде тез арада жөндей алмайды. Алдымен ақаудың орны анықталуы тиіс. Ақауды табу үшін 10-15 шақырым жаяу жүріп, іздестіреміз. Қала ішінде жағдай бар, ал сырт жақта дым көрінбейді,- деді «Энергосистема» ЖШС бас директоры Ержан Жексембинов.

Электр мамандары Ақтөбе қаласының Шанхай, Мәскеу, Құрмыш аудандарында, 312 атқыштар дивизиясы даңғылы аумағында жөндеу жүргізді.

Бас директордың айтуынша, борынды күні бұл аумақта тағы да жарық сөнуі мүмкін. Бүгін коммуналдық мекеме мыңға жуық шақырту алған.

- Халық наразы. Біз оны түсінеміз. Бәрі бір уақытта қоңырау шалып, «жауап бермей жатыр» деп айтады. Диспетчерлер күшейтілген режимге өтті. Қазір өтініштер қабылданып жатыр. Барлық топ авариялық бригада қатарына қосылды. Алдымен абоненті көп аумақтар іске қосылады. Кейде бір ғана үйдің жарығы сөнеді. Жел басылмай, бұл жағдай реттелмейді. Қосамыз, қайта сөнуі мүмкін. Ақтөбеліктерден жұмысшылардың еңбегін бағалауды сұрап, сабырға шақырамын. Себебі қала маңында бағаналарды көрмей жатырмыз. Аудандарда да 20-дан астам бригада жұмыс істеп жатыр,- деді Ержан Жексембинов. Алтынай Сағындықова.