Ақтөбеде мас күйінде әкімнің көлігін айдап кеткен жүргізушіге үкім шықты
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Қарабұлақ ауылының тұрғыны мас күйінде әкімнің көлігін айтып кеткен. Қылмыстық іске сот үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарабұлақ ауылының 57 жастағы тұрғыны Талғат Жұмағали Қылмыстық кодекстің «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру», «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» баптары бойынша сот алында жауап берді.
Іс материалына сүйенсек, Т.Жұмағали 14 мамыр күні сағат шамамен 12:45-те мас күйінде өз ауласында отырады. Кейін ол жүргізуші куәлігі болмағанына қарамастан Қарабұлақ ауылы әкімінің «Уаз» көлігін рұқсатсыз айдап кетеді.
Сот отырысы кезінде айыпталушы Т.Жұмағали өзіне тағылған айыпты толық мойындап, 2018 жылдың 11 мамыры күні ауыл әкімі көлікті жөндеуге әкеліп тастағанын баяндады. Ол 14 мамыр күні таңертең бір бөтелке арақ ішіп, әкімнің көлігімен дүкенге бармақ болады. Ауылдың Ә.Молдағұлова көшесімен келе жатқанда оны полиция қызметкері тоқтатып, құжаттарын сұрайды. Полиция қызметкеріне құжаты жоқ екенін, 2016 жылдың ақпан айында жүргізуші куәлігінен айырылғанын айтып берді. Сот отырысы кезінде Қарабұлақ ауылының әкімі Е.Құспанов қызметтік көлігін ауыл тұрғынына жөндеуге бергенін, болған жағдайды учаскелік инспектордан білгенін жеткізді. Ауыл әкімі көлік жөндеуші ауыл тұрғынына ешқандай талап қоймады, азаматтық шағым түсірмеді.
«Талғат Жұмағали Қылмыстық кодекстің «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру», «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» баптары бойынша айыпты деп танылып, оған 2 жыл 3 айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалсын»,- деді Алға аудандың сотының судьясы Г.Өкшебаев.
Сонымен қатар, айыпталушы үш жыл үш айға көлік жүргізу құқығынан айырылды.