Ақтөбеде маска тақпай, топтасып жүргендерге 83 мың теңгеден айыппұл салынды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы бойынша рейд жүргізіліп, санитария талабын сақтамағандарға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне 89 әкімшілік материал түсті. Оның 11-іне байланысты 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Арасында кәсіпкерлермен қатар қарапайым тұрғындар да бар.

«Топ болып жүрген, бетпердесіз дүкенге, жабық нысандарға кірген 10 адам мен санитарлық-эпидемиологиялық талапты сақтамаған бір кәсіпкерлерге айыппұл салынды. Мәселен, бір тұрғынға суға түсуге болмайтыны ескертілді. Ол қарсылық танытты. Кейін хаттама толтырылды. Рейд жалғасады. Сондықтан қаулыға сәйкес ережені сақтауды сұраймыз. Жеке тұлғаларға - 83 340, кәсіпкерлерге - 638 940 теңге салынады. Әкімшілік шарамен қатар, бәріне ескерту берілді. Тәртіп маңызды», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша соңғы тәулікте 13 адам індетке шалдықты. Оның екеуі симптомсыз. Вирус жұқтырғандар арасында 1 және 2 жастағы балалар бар. Науқастардың біреуі - Ойыл ауданынан, қалғаны- Ақтөбе қаласынан.

Он адам жедел респираторлы вирустық инфекция белгілерімен дәрігер көмегіне жүгінген. Біреуі эпидемиологиялық көрсеткішке байланысты тест тапсырған. Қазіргі уақытта пациенттер инфекциялық ауруханаға жатқызылды.

Айта кетейік, облыста барлығы 2736 адам вирус жұқтырса, тең жартысына жуығы емделді. Өкінішке қарай, соңғы аптада 9 адам коронавирустан көз жұмды.


Соңғы жаңалықтар