Ақтөбеде майдангерлердің ұрпақтары ескерткіш алдына жиналды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде Жеңіс күні Мәңгілік алау, Әлия ескерткіштері мен Батырлар алаңына тұрғындар жиналып, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза болған майдангерлерді еске алды. Арасында Кеңес Одағы батырларының ұрпақтары да бар.

Жеңіс күні Ақтөбе қаласындағы бірнеше алаңда гүл қою рәсімі өтті. Тұрғындардың кейбірі атасы мен әкесін еске алып, естеліктерімен бөлісті.
- Шешемнің әкесі Кескібай Айдарбековтың фотосын әкелдім. Ол Фин соғысына қатысып, кейін Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған. Воронеж майданында қаза болған. Іздеп, таптым. Енді қай жерде жерленгені туралы хатты күтіп отырмын. Өзі мұғалім болған екен. Сонымен бірге әкемнің ағасы Бектұрған Бекқұлов Сталинград майданында жоғалып кетті. Еш ақпарат таппадым. Есікбай Айдарбеков - нағашы атамның ағасы. 1942 Калинин майданында қаза болды. Бұл кісі туралы ақпаратты архивтен іздеп, таптым. Ал әкем Бекбергенов Бекқұлов соғысқа шақырылғанымен, ұрыс даласына кірмей тұрып Жеңісті көрді. Бірақ ұзақ уақыт әскерде болған. Мен осы адамдардың фотосын алып, Әлия ескерткіші алдына келдім,- деді Әріп Бекқұлов.

Сонымен бірге оқушылар Батырлар алаңындағы әр мүсіннің жанында кезекшілік құрды. Мұнда батырдың ұрпақтары жиналып, әкесін еске алды.
- Жыл сайын әкем, Кеңес Одағының батыры Қожабай Жазықовтың ұрпақтары Батырлар алаңына жиналамыз. Мұнда әкемнің мүсіні сомдалған тақта бар. Жалпы оның туған жерінде мектепке аты берілді. Көше атауы да бар. Сонымен бірге Байғанин ауданында ескерткіші қойылған. Сонымен бірге Маңғыстауда кеме атауы бар деп естідім. Өзім жазушы Әбіш Кекілбаевтың көмегімен кітап шығардым. Естеліктер жиналып, 2000 жылы жарық көрді,- деді Қожабай Жазықтың баласы Балғалы Жазықов.

Айтып өтейік, Қожабай Жазықов Екінші дүниежүзілік соғыста барлаушы болды. Ол 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, майдан даласында талай ерлік көрсетті. Әскерилер мен офицерлерді қолға түсіріп, 1945 жылы сәуірде Кеңес Одағының батыры атанды. Соғыс біткен соң білім алып, тарих пәнінен сабақ берген.
Еске салсақ, Ақтөбе облысы бойынша 122 мыңнан астам адам соғысқа шақырылды. 35 ақтөбелік Кеңес Одағының батыры. 9-ы «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.