Ақтөбеде медицина қызметкерлері мен полицейлер баспаналы болды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде пандемия кезінде жұмыс істеп жүрген полиция қызметкерлері мен медицина мамандары пәтер алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде медицина қызметкерлері мен полицейлер баспаналы болды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин медицина саласының және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы жаңа тұрғын үйден пәтер кілтін табыстады. Шараға бірнеше ай бойы коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы қатардан табылып, айтарлықтай үлес қосқан денсаулық сақтау және ішкі істер органдарының өкілдері қатысты.

«Еліміз үшін қиын кезеңде сіздер өз денсаулығыңызға төнетін қатерлерге тәуекел ете отырып, отбасыдан жырақта жүріп, қызмет етесіздер, адамдардың өмірі мен біздің тыныштығымызды сақтап жүрсіздер. Барлық аймақ тұрғындарының атынан сіздердің адал еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын», - деді Оңдасын Оразалин.

«Нұр Ақтөбе» ықшам ауданындағы бір бөлмелі пәтер 2 пайыздық үстемеақымен берілді. Арендалық пәтерге ие болғандар кейін сатып ала алады. Баспаналы болғандар арасында облыстық балалар дәрігер-гематологы Дәметкен Ерғаринова, Ақтөбе медициналық орталығының дәрігері Әйгерім Түктібаева және медбике Гүлжан Дүйсенқұлова бар. Участкелік полиция инспекторлары Мейрамбек Жолмағамбетов, Дастан Сұлтанғалиев, Александр Бакшанов, Ардақ Мыңжасаров, Руслан Наурызбаев та пәтер алды.

Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2017 жылдан бастап «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 4634 пәтер берілді. Мұнда негізінен бюджет саласының қызметкерлері тұрады.