Ақтөбеде медициналық мекемелердің барлығы интернетпен қамтамасыз етіледі
Биыл инновациялық технологияларды дамыту аясында 25 мекеме 38 миллиард теңге қаржы жұмсап, өндірісті цифрландырады. Сонымен қатар, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің18 технологиясы өндіріске енгізеді. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің айтуынша, медицина мен білім беруді цифрландыру да қолға алынған. Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының мекемелері 90% компьютермен, 84% интернетпен қамтылған.
«Елбасы тапсырмасына сәйкес біз экономиканы барынша цифрландыру үшін жан-жақты шараларды қабылдауымыз қажет. Жалпы, цифрландыру элементтері әлеуметтік блоктан бастап, өнеркәсіпке дейінгі барлық салаға енгізілуі қажет»,- деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Қазіргі кезде шалғай ауылдарға интернет желісін жеткізу жұмысы жүріп жатыр. Әзірге аудан орталығынан алыста орналасқан дәрігерлік, фельдшерлік амбулаторияларда, медициналық пункттерде интернет жоқ. Осы олқылықтың орнын толтырып, жыл соңына дейін облыстағы барлық медициналық мекемелерді компьютермен қамтамасыз етіп, интернетке қосу жоспарланып отыр.
Жиын кезінде бірыңғай облыстық ситуациялық орталық құру жайы айтылды. Мұнда медициналық мекемелерге түскен науқастар, сондай-ақ туу көрсеткіші бойынша жан-жақты ақпарат күнделікті тіркеледі. Бұл қағаздан бас тартып, электронды денсаулық төлқұжатын құруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл цифрлық білім беру сапасын арттыру мақсатында «Бақытты бала» жобасының «Балалардың ІТ әлемі» және «Цифрлық сауаттылық - мүмкіндіктер қалыптамасы» секілді бағыттары жүзеге асырылады. Қазіргі кезде қала мен аудан орталығын интернетпен қамтамасыз ету 100 пайызды құрайды. Дегенмен ғаламдық интернет желісі әлі де 30 елді мекеннің тұрғындарына жетпей отыр.