Ақтөбеде мектеп асханасы азық-түлікті ата-аналардың қолдарына ұстатып жіберген

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Ақтөбе облыстық департаменті, Мұғалжар аймағы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ауданаралық басқармасы тексеруден соң Әдеп кеңесін таңқалдырды. Аудиторлық тексеру барысында Мұғалжар аудандық білім бөлімінің лауазымды қызметкерлері мен конкурстық комиссия мүшелері жеке және заңды тұлғаларға заңсыз қолдау көрсетуі анықталып отыр. Аудандық білім бөлімі мен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жеке кәсіпкер А.Көптілеуоваға басымдық беріп, аудандағы 35 мектептің асханасын түгел сеніп тапсырған. Аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуі тиіс жеке кәсіпкердің өзі Ақтөбе қаласында тұрады. Мемлекеттік сатып алу құны - 57 миллион теңге.
«Аудандағы 35 мектепте білім алатын аз қамтылған отбасы балаларын тамақтандыру конкурсын бір кәсіпкер жеңіп алған. Құжаттары сай келмесе де оны конкурсқа қатыстырып, жеңіске жеткен. Мұғалжар аудандық білім бөлімі қолдау көрсетіп, нәтижесінде заңсыз шарт жасалған. Ішкі аудиторлық тексеру кезінде құжатта бірнеше аспаз жұмыс істейді деп көрсетілгенімен шын мәнінде тек бір аспаздың еңбек еткені анықталды. Сонымен қатар, кейбір мектепте асхана жұмыс істемей, аз қамтылған отбасы балаларының ата-аналарына азық-түлік қолма-қол берілген. Аз қамтылған балалардың құқығы бұзылды»,- деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Ақтөбе облыстық департаменті, Мұғалжар аймағы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ауданаралық басқармасының аға офицері Асхат Телеуов.
Айта кетейік, конкурстар заңсыз деп танылып, 30 мектепте оқитын аз қамтылған отбасы балаларын тамақтандыру құжаттары кері қайтарылды. Ал Әдеп кеңесі Мұғалжар аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Амангелді Құлетті жұмыстан шығару туралы ұйғарым берді. Мұғалжар аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нұркен Өтегеновке қызметіне толық сай емес деген шешім шығарылды.