Ақтөбеде мектеп автобустары тексерілді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Автобустың техникалық жағдайы мен жүргізушілердің денсаулығы да талапқа сай болуы керек. 

Ақтөбеде мектеп автобустары тексерілді
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Ақтөбе облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бүгін мектеп автобустарын орталыққа жинады. Мұнда соңғы жылдары сатып алынған жаңа автобустармен қатар ескісі де тексерілді. Талап бойынша мектеп автобустарының екі есігі де жұмыс істеп тұруы тиіс. Бірі алдыңға, екіншісі ортаңғы есік. Сонымен бірге арнайы мамандар өрт сөндіру баллондарының жарамдылығын, дәрі-дәрмек қорапшасын қарап шықты.

мектеп автобусы
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

— Он күннен соң жаңа оқу жылы басталады. Автобустың техникалық жарамдылығымен қатар жүргізушілердің санаты тексерілді. Анықталған кемшіліктерді 1-қыркүйекке дейін жою керек. Егер жойылмаса, әкімшілік жауапқа тартылады, айыппұл салынады. Өкінішке қарай жыл басынан бері 355 жол-көлік оқиғасы кезінде 9 бала көз жұмды, 424 бала түрлі дене жарақатын алды. Дегенмен мектеп автобустары жол-көлік оқиғасынан дін аман, — деді Ақтөбе облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтеген.

Оның айтуынша, облысы бойынша 400-ге жуық мектеп автобусы бар. Бүгін техникалық кемшіліктер анықталса, он күнде жойылады. Себебі полиция Білім күні тағы да тексеріп, кейін ғана жүруге рұқсат береді.

Еске салсақ, Ақтөбеде көпір үстінде қарсы бағытқа шыққан той кортежінің жүргізушісі жазаланды. Той кортежіне қатысқан 5 көлік иесіне 11 хаттама толтырылды

Соңғы жаңалықтар