Ақтөбеде мектеп автобусынан түтін шығып, оқушылар эвакуацияланды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде мектеп автобусынан түтін шығып, балалар эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде мектеп автобусынан түтін шығып, оқушылар эвакуацияланды

Ақтөбе қаласындағы №18 орта мектептің оқушылар тасымалдайтын автобусынан түтін шықты. Сол кезде көлік ішінде 33 оқушы болған.

Олардың бәрі түтін шыққан кезде бірден эвакуацияланды.

«Түтін шыққан кезде екі өрт сөндіргіш құралы қолданылды. Бәрі дін аман. Ал эвакуацияланған балалардың әрқайсысымен психолог мамандар жұмыс істейді. Жалпы Ақтөбе қаласы №18 орта мектебіне 140 бала тасымалданады. Оларды мектепке Өрлеу, Ақшат, Ақжар-2 тұрғын үй алаптары және Сарбаз, ГауҺар бау-бақша ұжымдарынан екі автобус жеткізеді. Автобустардың бірі жалдау шарты есебінен балаларды тасымалдаса, екінші автобус №18 ОМ балансында. Түтін шыққан автобустың техникалық паспорты бар. Автобус 2009 жылы шыққан. Осы жағдайдан кейін мектеп директоры Серік Тойшыманов пен директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары Г. Баймағанбетоваға ескерту берілді», - деп хабарлады облыстық білім басқармасы баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде жаңа келісімшарт жасалып, тасымалдау үздіксіз жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен бірге биыл осы мектепке 20 орында автобус сатып алынады.

«2021 жылы облыстық бюджеттен білім беру ұйымдарына 16 автобус (15 – 23 орындық, 1 – 9 орындық) сатып алынды. Оның ішінде 9-ы ескірген автобустарды жаңарту үшін бөлінсе, 7 мектепке жаңадан берілді. 16 автобустың 3-і қала мектептеріне жеткізілді. 2022 жылы облыс бойынша 32 автобус сатып алу жоспарланған. Оның ішінде 23 автобус- 20 орындық, 9 автобус – 40 орындық. Сатып алынатын 32 автобустың 20-сы Ақтөбе қаласының жалпы білім беретін мектептеріне арналған», - деп хабарлады облыстық білім басқармасы баспасөз қызметі. Оқиға орнына өрт сөндірушілер де барып, автобусты қарап шықты. Онда мотордағы сымдардың қысқа тұйықталуы кезінде от тұтағаны анықталған.

Айта кетейік, облыста бүгін «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Шара аясында полиция қызметкерлері автобус жүргізушілерін тексереді.

Жол қозғалысы ережелерінің сақталуына, көлікті техникалық байқаудан өткізу тәртібіне ерекше назар аударылады.