Ақтөбеде мектеп бітіру кешін ұйымдастыруға тыйым салынбайды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мектеп бітірушілер еш кедергісіз кеш ұйымдастыра алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мектеп бітіру кешіне білім ордасы жауапты емес. Яғни, түлек 12 маусымға дейін аттестат алып, мектептен шыққан соң көңілді кеш ұйымдастыра алады. Оған ата-анасы мен түлектің өзі ғана жауапты.
«Аттестатты табыстау рәсімі мектеп қабырғасында өткізіледі деп жоспарланып отыр. Құжатты табыс ету 10-12 маусым аралығында өтуі мүмкін. Ал кеш сол күндерден соң ұйымдастырылса, оған мектеп жауапты емес»,- деді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлназ Мырзағалиева.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласы бойынша биыл 2600-ден астам оқушы мектеп бітіреді. Оның 2400-ден астамы ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Өзгесі мектеп аттестатымен орта арнаулы оқу орындарына оқуға түспек. Түлектер бүгін эссе жазып, емтихан тапсырды. Ал 2 маусымда орыс тілі мен таңдаулы пән бойынша тест сұрақтарына жауап береді. 6 маусымда математикадан есеп шығарып, 9 маусымда Қазақстан тарихынан ауызша емтихан алынады.