Ақтөбеде мектеп директоры «жала жапты» деп сотқа берген тағы бір журналистің ісі жабылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында журналист Ардақ Ерубаеваға қатысты іс қаралды. Ырғыз гимназиясының директоры Гүлжайнар Нұғманова “жала жапты” деп арыз жазғанымен, қаулы шығар күні оны қайтып алды.

Ырғыз гимназиясының директоры Гүлжайнар Нұғманова Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «жала жабу» бабын негізге алып, ақтөбелік екі журналистің үстінен арыз түсірді.
Мектеп директоры ар-намысыма, қадір-қасиетіме нұқсан келтірді деп арыз жазған кезде полиция инспекторлары журналистерден түсініктеме алып, іс сотқа түсті.
Бұған дейін Асқар Ақтілеуге қатысты іс қаралып, құқық бұзушының кінәсі дәлелденбеген еді.
Ал бүгін қаралған істе мектеп директоры «жала жапты» деген сөзге психологиялық- филологиялық сараптама жүргізіліп, тұжырымы жарияланды.
Онда «Гүлжайнар Нұғманованың ар-намысы мен қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәлімет жоқ» деп жазылған.
Судья С. Аманғалиұлы бүгін қаулы жариялады.
— Ардақ Ерубаеваға қатысты Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылсын. Қаулыға риза емес тарап 10 тәулік ішінде Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасына аппеляциялық шағым немесе өтініш хат беруге құқылы, — деді судья С. Аманғалиұлы.
Журналист Ардақ Ерубаеваның айтуынша, Ырғыздағы гимназия директоры сот қаулысы шығатын күні арызын қайтарып алған.

— Мектеп директорының арызы негізінде мемлекеттік сараптама тағайындалды. Демек мемлекетке шығын келіп тұр. Әрі екі бірдей журналисті дәлелсіз әуре-сарсаңға салды. Сондықтан мектеп директоры заң алдында жауап беруі қажет деп санаймын, — деді ол.