Ақтөбеде мектеп мұғалімі сандық пен түрлі бұйым жасайды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде алғышқы әскери дайындық, дене шынықтыру пәндерінің мұғалімі Темірхан Сағындықов өңірдегі қолөнер шеберлерінің қатарына қосылған. Ол сандық, оюлы шкаф және түрлі бұйымдарды қолдан жасап, ауылдағы ойын алаңы, орталықтағы саябақты да жабдықтауға септігін тигізді.

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Абай атындағы орта мектептің мұғалімі Темірхан Сағындықов сегіз қырлы, бір сырлы педагогтер қатарынан.
Ол бұрынғы Қарабұтақ ауданы Шілікті ауылында туып, өсіп, әскери борышын да өтеді.

Ал 1984 жылы Ақтөбе педагогика институтының дайындық курсында оқып, 1985 жылы Қарағанды педагогика институтының алғашқы әскери даярлық және дене шынықтыру факультетінде білім алды.
Жолдамамен Ақкөл ауылындағы Абай атындағы орта мектепке келіп, еңбек жолын бастады. Содан бері алғашқы әскери даярлық және дене шынықтыру пәндерінен сабақ берді.
Ұзақ жылдар бойы мектеп директоры қызметін де атқарды. Арада қанша жыл өтсе де ол ағаш жонитын құралдарын тастаған емес.
Бірнеше сандық, оюлы шкаф жасап шығарды.

— Оқушы кезімде сурет салған ұнайтын. Кейін жұмысқа кіріскен кезде ұлттық өнерге қызығып, бесік, сандық жасадым. 90-жылдардағы жоқшылықта қолда бар ағашты жонып, кәдеге жаратқан едім. Кейін осы қабілетімді дамытқым келіп, арнайы құралдарын сатып алдым. Сонымен бірге технологиясын меңгеру үшін кітаптар алдым. Қолымда 4-5 кітап бар, ағаш өңдеу, оны жонудың қыр-сыры жазылған. Көбіне қарағайды қолдандым. Себебі ою кезінде өте ыңғайлы. Ағаштан айнаның шкафын, орындық, мектепке арналған хан тағы да жасалды. Қазір өзім жасаған сандық мейрамханада, сауда орнында, кітапханада тұр. Ешнәрсені сатпадым, бәрін тегін ұсындым, — деді Темірхан Сағындықов.
Педагог қыздарына, бауырларына сандықты өз қолымен жасап берді. Қазір де кенже қызы мен жиеніне арнап екі сандықты оюмен көмкеріп жатыр.

— Шеберлік қайдан, кімнен дарыған деп сұрап жатады. Өз атам соғыстан оралмады. «Ол ақын болған, өнерлі болған» деп адамдар жиі айтады. Соған қарағанда мендегі өнер сол кісіден дарыған шығар. Негізі өзім қызығып, бар қырын кітаптан оқып, білдім. Қанша зат жасағанымды білмеймін, арнайы санаған емеспін. Бұл өте күрделі жұмыс. Мәселен ретро стильдегі шкафты 2 жыл жасадым. Оны маған тапсырыс беріп жасатты. Қазір нақты қайда екенін білмеймін. Ал сандықты 1 жыл жасаймын. Сандықтың төменгі бөлігінде тартпалары бар. Ал беріндегі оюды арнайы ағаш шереге ойып, жонып аламын. Кейін оны сырлап, сандықтың негізгі бөлігіне желімдеймін. Жан-жағын қаңылтырмен қаптап, оны да сәндеймін. Бәрі шыдамдылық пен табандылықты қажет ететін жұмыс. Бояуға арналған қылқалам көлемі де маңызды. Оюды ерекше етіп тұру үшін түсті таңдау маңызды. Өзім қошқар мүйіз, құс қанатымен қатар геометриялық фигураларды қолданамын, — деді мұғалім.
Темірхан Сағындықов өз үйінің қажеттілігі деп түрлі бұйым жасағанымен, көпшілік қызығып, тапсырыс береді. Ал оны орындауға уақыт тапшы болған соң, көбінен бас тартады.

Дегенмен шеберлер қатарына қосылып, түрлі байқауға қатысып жүр. 2004, 2019 жылдары «Әуесқой суретшілер мен қолөнер шеберлерінің» облыстық байқауларында 3-орынды иеленді.

— Алғашқы әскери дайындық пәніне қажетті бұйымдарды да бір кездері өзім жасадым. Автоматтың, мылтықтың үлгісін жасаған кезім болды. Бізде автоматтың 15 түрін өзін әзірледім. Соғыс кезіндегі, қазіргі кездегі үлгісін дайындап, балаларға таныстырдым. Байланыс телефоны, танк макетін де сабақта қолдандым. Ал соңғы жылдары мектеп тапсырыспен дайын қару макеттерін алды. Өзім футбол, теннис, тоғызқұмалақ, дойбы да ойнаймын. Былтыр хоккейден аудан біріншілігіне де қатыстым. Дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін болған соң бұл да өте маңызды. Сонымен бірге Алғашқы әскери даярлық пәнінің штаттан тыс оқытушы-үйлестірушісімін. Аудандағы жұмыстарды ұйымдастыру кезінде барлығы 23 мектептегі әріптестеріме әдістемелік көмек көрсетемін. облыстық Алғашқы әскери және технологиялық даярлық ассоциациясының мүшесімін. Мұның бәрі уақыт пен кәсібилікті қажет ететін жұмыс, — деді Т.Сағындықов.
Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған әке әртүрлі жылдары білім саласының министрлерінен алғыс хат та алды.
2018 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне қатысып, марапатқа ие болды.

2018 жылы маусым айында «Өнегелі әке» республикалық форумына қатысты. Ал былтыр «Үздік педагог» атағына ие болды.