Ақтөбеде мектеп оқушылары арасында асық ату ойыны кең тарап келеді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар және жасөспірімдер спорт мектебі қаладағы бірнеше мектепке асық ату үйірмесін ашып қойды. №23 орта мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мұқтар Құлтасбай Kazinform тілшісіне асық ойынының ережесі мен балалардың шеберлігі туралы айтып берді.

асық ату
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі асық ойыны үйірмесінің жетекшісі Мұқтар Құлтасбай алғашында Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы спорт мектебінде еңбек етті. Ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет атқарған ол кейін облыс орталығына қоныс аударды. Сол кезде жұмыс іздеп, түрлі ұсыныстарды қарап, ең тиімдісі мұғалім болу деп шешті.

асық
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

- Ақтөбе облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне барған кезде тоғызқұмалақ үйірмесін ұсынды. Мен Асық ату ойынын дамыту туралы өз ұсынысымды бердім. Басшылығым қолдап, үйірме ашылды. Бұл 2021-2022 жылдардағы оқу жылы болды. Содан бері оқушыларды жаттықтырып жүрмін. Қазір үйірмеге 30 оқушы қатысып жүр. Оның тең жартысына жуығы — қыздар. Олар Бес асық ойнайды. Бұл Бестас ойыны секілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты бұаралық спортқа тартуды, денсаулығын шыңдауды тапсырған болатын. Бұл да ұлттық ойынды дамыту әрі бұқаралық спорт қатарына қосып, көпшіліктің ойнап, шеберлігін шыңдауына мүмкіндік беру деп ойлаймын. Арада бірнеше жыл өткенде жақсы дамып кетті. Қазір қаланың көп мектебі балаларға асық ату ойынын үйретіп жатыр. Тіпті өзара жарыстар өткізіп тұрамыз, - деді Мұқтар Құлтасбай. 

ату
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

Елімізде аудан және қалалық, облыстық, республикалық жарыстар да өтіп жатыр. Тек оқушылар ғана емес, мұғалімдер арасында да жарыс ұйымдастырылып тұрады. Биыл Ақтөбе қаласында ересектер арасында Асық атудан Азия чемпионаты өтеді.

- Биыл Қазақстан Кубогі болып, ақтөбелік асықшылар команда бойынша екінші орын алды. Біз енді Азия чемпионатына қатысамыз. Ұлттық спортты дамыту үшін мектеп бағдарламасы да жасалды. Бұл қуантады. Тағы бір ерекшелігі, сүйек асық пішіні әртүрлі болса, қазір біртектесі шығарылып жатыр. Салмағы мен көлемі бірдей болған соң ойында адамдарға тең мүмкіндік беріледі. Асықтың салмағы қазір 3 грамм, ал сақасы ауырлау әрі ірі. Бұрын сақаны табу қиын еді. Қошқардың немесе үлкен қойдың асығын іздеп жүреміз. Енді бәрі бірдей, - деді Мұқтар Құлтасбай.

ату
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

Қазіргі ереже бойынша шеңбер ортасына 15 асық тігіледі. Ересектер үшін шеңбердің диаметрі 5 метр, жоғары сынып оқушыларына 4 метр, 5-6 сынып оқушылары үшін 3 метр болады.

- Асық ату ойынының түрлері көп. Қазір көбіне Бес табан дегенін ойнаймыз. Шеңбердің ортасына 15 асықты тігеді, арасын сақамен өлшейді. 5 метр қашықтан, яғни, өрістен атады. Егер тигізсек, шеңберден атуға болады. Жалпы шеңберге кіруге рұқсат жоқ. Ол ереже бұзу деп есептеледі. Уақытынан бұрын 8 асық жинасаңыз, ұтты деп есептеледі. Республикада 7-8 минут беріледі ойынға. Бізде 5-6 минут бөлінеді, - деді Мұқтар Құлтасбай.

Жаттықтырушының айтуынша, Үш табан, Төрт табан, Манай, Алшы табан деген де ойындар бар.

асық
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

Манай ойынының ережесі өзгеше. Екі адам екі асықтап тігіп, ортаға төрт асық қойылады. Сақамен атып, құлатса, ортадағы асықты алуға болады.

- Балалар Асық ату ойынына қызығады. Ауыл балалары асық ойнайды, қала балалары мұны көбіне білмейді. Ата-әжесі ғана айтып, үйретуі мүмкін. Сондықтан дене шынықтыру сабағында баскетбол, волейбол ойнатып, кейін асық атуды меңгереді. Бала асық шиіруді, көздеп атуды үйренеді. Мергендер ғана жақсы ойыншы бола алады. Негізі ептілік, мергендік, есеп маңызды. Қолы икемді болса, шиіріп үйренеді. Асық шиіре алмаған адам үлкен жарыстарға қатыстырылмайды,- деді жаттықтырушы.

Қазір нарықта дайын асық сатылымда бар. Бір жиынтығының құны 15 мың теңгеден асады. Ал сақасы 5 мың теңге тұрады. Сақасы оң және сол қолға арнап бөлек жасалады. Жаттықтырушы Мұқтар Құлтасбайдың шәкірті былтыр Наурыз мерекесінде екінші орын иеленді. Қазіргі кезде егіз балалардың да ынтасы зор. Олардың бірі оңқай, екіншісі солақай.

- Маған асық ойыны қызық. Өзімнің асық жиынтығым бар. Екі сақаның бірі менікі, екіншісі Мұратта. Біз үйірмені жақсы көреміз. Көбіне жарысқа дайындалып, үйренеміз. Үйде де ойнап жүреміз, - деді егіздің сыңары Дәулет Оңғар.

Соңғы жаңалықтар