Ақтөбеде мектеп оқушысы Пушкиннің поэмасына арнаған кестелі картиналарын сатуға шығармақ

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданының мектеп оқушысы Танзиля Алмышева А.Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасына арнап картина тоқыды. Қолөнер шеберінің туындыларын сұрарушылар артып, соңғы кезде тапсырыс берушілер күрт көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде мектеп оқушысы Пушкиннің поэмасына арнаған кестелі картиналарын сатуға шығармақ

Жетістіктерімен ЮНЕСКО құрамына енген Қарғалы аудандық өнер мектебінің түлегі Танзиля Алмышева төрт жылдық тәжірибесін жинақтап, дипломдық жұмысына А.Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасын таңдады. Т. Алмышева балаларды өнерге баулитын мектепке алғаш рет 8 жасында барып, осыдан 3 жыл бұрын кесте тоқу үйірмесін тәмамдады. Ол 13 жасында А.Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасын оқып, өзіне ерекше әсер еткен туындыға арнап үш картинаны кестелеп тоқыды.

null

«8 сыныпта біз А.Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасын оқып, поэма маған ерекше әсер етті. Дипломдық жұмыс кезінде еркін тақырып беріліп, төрт жыл бойы алған тәжірибені өз туындымда көрсеткім келді. Сол кезде «Евгений Онегиннің Татьянаға жазған хатын» оқыдым, жаттап алдым. Қазір де күн сайын еске түсіріп, айтып жүремін»,- деді мектеп оқушысы Танзиля Алмышева.

Пушкиннің шығармасына арналған картинаның негізгі идеясын оқушы мен ұстазы бірлесе іске асырды. Сөйтіп, Евгений Онегин, Татьяна Ларина мен А.Пушкинге арналған үш картинаның әрқайсысын кестелеуге бір ай уақыт қажет болған. Мектеп оқушысы өнерлі, алғыр. Ол фортепиано, би үйірмелеріне қатысып, әр саланы жетік меңгерген. Әр күнін жоспарлап, әр сағатын қадірлейтін Танзилия Алмышева болашақта дәрігер болуды армандайды. Жаңа оқу жылында 11 сынып оқитын ол бүгіннен бастап бар зейінін Ұлттық бірыңғай тестке арнаған.

null

«Картиналарға сұраныс түсіп жатыр. Тапсырыс берілсе тоқимын. Маған іс тіккен ұнайды. Бірақ бос уақытым тым аз. Мәселен, демалыс кезінде мен кесте тоқи аламын, ал сабақ кезінде қиын болады. Картинаны қолға алып, тоқыған кезімде көзім ауырғанша бір орында тапжылмай отырамын. Көбіне ақ пен қара түс таңдалады. Егер түрлі түсті болса, туындының әсері жоғары болмайды»,- деді мектеп оқушысы.

Айта кетейік, Ақтөбенің Қарғалы ауданындағы өнер мектебінде 500-ден астам бала бар. Бұл балаларды телефон мен компьютерден қорғайтын бірден-бір орталық.

null