Ақтөбеде мектеп түлегінің өлімінен соң балаларға бақылау күшейді
Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін барлық мектеп директорлары мен сынып жетекшілеріне жиналыс өткізіліп, түлектер оқуға түсіп, жұмысқа орналасқанша тұрақты ақпарат беруге келісті.
«Қайғылы оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал білім басқармасы мектеп директорлары мен сынып жетекшілерін жинап, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әрі облыстық ІІД түнгі рейдке шығып, тәртіпті бақылап отыр. Балалардың түнгі уақытта демалыс орындарында жүруіне болмайды, бірақ ондай деректер тіркеліп тұр. Сондықтан ата-аналармен де кездесіп, балалардың әр қадамын бақылауға алуға кеңес берілді»,- деді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.
Азат Дүсіповтың өлімінен соң ата-аналар өз балалары туралы ақпаратты сынып жетекшілеріне беріп отыр. Енді олар арнаулы орта, жоғары оқу орындарына түсіп, жұмысқа орналасқанша бақылауда болады.
«Түлектер 15 маусымда мектептен кетті, бірақ біз сонда да қайлығы оқиғаға байланысты жан-жақты жұмыс жүргізуді жалғастырамыз. Мектеп директорлары, сынып жетекшілері түлектердің ата-аналарымен хабарласып, олардың қайда, кіммен жүргенін біліп отыр. Кәсібі, оқу таңдауы, ҰБТ тапсыруы бақылауда. Бұл балалар оқуға түсіп немесе жұмысқа орналасып кеткенше бақылауда ұстайтын боламыз»,- деді Ләззат Оразбаева.
Еске сала кетсек, Ақтөбе қаласында мектеп түлегі Азат Дүсіповтің өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалып, физика-математика мектеп-интернатының түлегі қамауға алынған болатын.