Ақтөбеде мектепте дастархан жайғандардың ісі тексеріліп жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде облыс орталығынан ауданға іссапарға барғандарды күтіп алу үшін дастархан жайылған. Мұны "Ақтөбе - адалдық алаңы" жобалық кеңсесі анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде мектепте дастархан жайғандардың ісі тексеріліп жатыр

Оқиға 6 маусым күні тіркелді. "Ақтөбе - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің қызметкерлері аудандардың біріне барып, мектептегі технология кабинетіндегі дастарханды көрді. Әңгімелесу кезінде бұл дастарханның облыс орталығынан келген адамдарға арналғаны анықталды.

"Мол дастархан 10 адамға арналған екен. Дастархан облыстық педагогика, медициналық-психологиялық кеңес беру орталығының қызметкерлеріне арнап жайылған. Орталық облыстық білім басқармасына қарайды. Олар ауданға балаларды арнайы коррекциялық білім беру мекемесіне жіберу үшін тексеруге келген екен. Қонақтар өз қаржысына дастархан жайғанын айтты. Алайда бұл ақталу ғана. Аудандық білім бөлімі неге дастархан жаюы керек? Мектепке дастархан жаю санитарлық нормаға сай келе ме? Қазір барлық жерде тамақтанатын орын бар. Ал аз ғана жалақысы бар қызметкерлер облыс орталығынан барған әр адамды осылай күтіп алса не болғаны?" - деп мәлімдеді "Ақтөбе - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, тіркелген заңсыздықтар шара қолдану үшін облыстық білім басқармасына жолданды. Ал "Ақтөбе - адалдық алаңы" жобалық кеңсесі осы бағыттағы жұмысты жалғастырады.
null