Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама аясында 31 мың адам жұмыспен қамтылады

Ақтөбе облысында жұмыспен қамтудың кешенді жоспары іске асырылып жатыр. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында биыл 31 мың адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі уақытта жоспардың тең жартысы орындалған. Дегенмен, Шалқар, Байғанин, Ойыл, Мәртөк секілді бірнеше аудандарда көрсеткіш төмен. Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаровтың айтуынша, қысқа мерзімді курстарды бітірген жұмыссыздарға басымдық беріледі.
«Қазіргі уақытта 840 адам қысқа мерзімді курстарды аяқтады. Олардың 88 пайызы жұмысқа орналасты. Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында биыл 5 мыңнан астам адамды сұранысқа ие мамандыққа оқытып, оларға бизнес негіздерін үйрету көзделуде. Сонымен қатар 1 мың ақтөбелік орта арнаулы білімді тегін ала алады. Мобильді оқыту орталықтары шалғай ауылда тұратын жұмыссыздарды да қамтиды», - деді Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.
Мемлекеттік бағдарлама аясында инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы құрылыс, тазалық жұмыстарына қажетті әлеуметтік жұмыс орындары ашылып жатыр. Әрі ауыл мен қалада шағын несие беру жұмыстары қарқын алды. Жоспар бойынша биыл ақтөбеліктерге 3 миллирад теңге шағын несие беріледі. Кәсіп бастауды мақсат еткен адамдар «Бизнес Бастау» курсын оқып жатыр.
«Жұмыспен қамтудың кешенді жоспары өңір халқының әлеуетін арттырады. Бағдарлама аясында бөлінген бюджет қаржысын тиімді игеріп, мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету керек. Ал аудандар берілген тапсырманы дер кезінде орындауы тиіс», - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.