Ақтөбеде мемлекеттік қызметшілер марапатталды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында 7 қызметшіге «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Конституция күні қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері департаменті және мемлекеттік қызметшілердің салалық кәсіподағы салтанатты шара ұйымдастырды. Ақтөбелік мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызмет саласындағы қызметтік міндеттерін үлгілі және мінсіз орындағаны үшін «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгілері табысталды.
Марапатталғандардың қатарында облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Мажитов, облыстық статистика департаментінің басқарма басшысы Рашан Қалдыбаева, облыстық тексеру комиссиясының бөлім басшысы Бақытгүл Төлеубаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Айнаш Сисекенова, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Алмас Елбосынов, Ырғыз аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Жансүгірова және Байғанин аудандық мәслихатының аппаратының бөлімше басшысы Амангүл Ораз бар.
«Мемлекеттік қызмет кең ауқымды білімді, үлкен қайтарымды, жауапкершілік пен төзімділікті қажет етеді. Халықтың өмір сүру деңгейі мемлекеттік қызметшілердің жұмысына байланысты. Осыған орай, олардың жұмысына ризашылық білдіру және мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру мақсатында Мемлекеттік қызмет істері департаментінің бастамасымен біз «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін бекіттік. Ол жыл сайын айрықша көзге түскен мемлекеттік қызметшілерге табысталатын болады», - деп атап өтті салалық кәсіподақ төрайымы Мұхтарита Сағындықова.
Айта кетейік, марапатталғандардың көбі ұзақ жыл бойы еңбек етіп, ел игілігіне жұмыс істеп жүр.
«Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданған уақыттан бері мемлекеттік қызметші болып жүрмін. Сол күні «елімізге адал, әділ қызмет етемін» деп ант берген едім. Бүгін сол жемеге жеттім», - деді Ырғыз аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Жансүгірова.

