Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама аясында мал сатып алуға тиіс шаруалар істі болып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – «Сыбаға» және «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламалары аясында несие рәсімдеген шаруалар ақшаны басқа мақсатқа жұмсап жіберді деген күдікке ілікті. Қазір оларға бөлінген қаржы 189,5 млн теңге деп есептелген.

базар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Ақтөбе облыстық прокуратурасы және Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті бірлесіп, агроөнеркәсіп кешені саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жайын тексерді. Мұнда кредит рәсімдеп, оны мақсатсыз жұмсау дерегі анықталды.

- «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Ақтөбе филиалы «Сыбаға» және «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламалары аясында мал сатып алу үшін шаруа қожалықтарына кредит берген. Алайда 3 шаруашылық иесі ірі қара малын сатып алмай, жалпы сомасы 189,5 млн теңге несие қаржысын басқа мақсаттарға жұмсалған. Қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің болуына байланысты материалдар Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жіберілді. Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүрді, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Қазір бір қылмыстық іс сотқа жіберілді, ал 2 іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар