Ақтөбеде мердігер балалардың ойын алаңын бұзып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жоба құны — 32 млн теңге. Мердігер жеңімпаз атанып, ойын алаңын салғанымен, әкімдік қабылдаудан бас тартты. Қазір ойын алаңы түгел сүріліп жатыр.

Ақтөбеде мердігер балалардың ойын алаңын бұзып жатыр
Видеодан алынған кадр

Ақтөбе қаласы Алматы ауданындағы Алмат-Самрат көшесінде балалардың ойын алаңы салынды. Онда аумақ қоршалып, түрлі сырғанақ, әткеншек орнатылған. Спортпен шұғылдану бұрышы да қарастырылған.

Бүгін мердігер мекеме бәрін қайта бұзып, сүріп жатыр. Себебі әкімдік «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салынған ойын алаңын қабылдамады. 

— Тұрғындар 2024 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасына ұсыныс берді. Сол кезде балалардың ойын алаңы жобасын «Байұлы НС» ЖШС-і ұтып алды. Мердігер жұмысты сол жылы қара күзде, қар түскенде жасады. Балалардың ойын алаңына төсеген резеңке үгітіліп, ондағы мүлік талапқа сай болмай шықты. Алматы ауданының әкімдігі мердігерді сотқа берді. Сот шешімі Алматы ауданы әкімдігі пайдасына шығарылды, ақшасы аударылған жоқ. Жоба құны — 32 млн теңге. Енді мердігер сапасыз дүниелерін демонтаждап, алып кетуі керек. Келесі жылы қайтадан конкурс жарияланып, тұрғындардың жобасын жүзеге асыратын мердігер анықталады, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Ақтөбеде мердігер балалардың ойын алаңын бұзып жатыр
Видеодан алынған кадр

Айта кетейік, Алматыда жыл басынан бері заңсыз салынған 52 нысан бұзылды. Қалада заңсыз құрылыс нысандарына бақылау күшейтілді.