Ақтөбеде мереке күндері кімдер жұмыс істейді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде Жаңа жыл мерекесі күндері полиция, төтенше жағдайлар қызметі мен медицина мамандары кезекшілікпен жұмыс істейді. Сонымен бірге әскерилер де қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Ақтөбеде мереке кезінде қауіпсіздікті ұйымдастыру және қамтамасыз ету мәселелері жөнінде жиын өтті.
Қала әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, 31 желтоқсан күні сағат 20:00-22:00 аралығында қалалық мәдениет үйінің алаңында, бірқатар тұрғын үй алаптары мен саябақтарда мерекелік бағдарлама өтеді. Ал сағат 21:00-1:00 аралығында «Қазақстан халқына мың алғыс» стелласының жанындағы алаңда концерт ұйымдастырылады. Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетовтың айтуынша, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 31 желтоқсан мен 7 қаңтар аралығында полицияның барлық жеке құрамы күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді.
- 640 полиция қызметкері, Ұлттық ұланның 665 әскери қызметкері және резервтің 308 қызметкері жұмылдырылды. Қоғамдық орындарда патрульдеу жүргізіледі. Мас күйінде көлікті басқаруға жол бермеу, өзге де бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударылады. Қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін іс-шаралар жоспары әзірленді. Барлығы 668 нысан тексерілді. Оның ішінде 450 бұзушылық жойылды. Пиротехниканың рұқсатсыз саудасы бойынша тұрақты рейдтер жүргізіліп жатыр. 24 құқық бұзушы жауапқа тартылды,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен бірге 31 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында ТЖД қызметкерлері де күшейтілген режимде жұмыс істейді. Жеке құрамның 105 қызметкері және 23 техникасы жұмылдырылды.
- Жаппай іс-шараларда, сауда орталықтары, алаңдар мен саябақтарды қоса алғанда адамдар көп жиналатын жерлерде қауіпсіздік шараларын күшейту керек. Аудандарда тұрақты патрульдеуді ұйымдастыру қажет. Адамдар көп шоғырланатын объектілерде қосымша профилактикалық тексерулер жүргізу, өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аудару керек. Стратегиялық объектілер мен бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындардың күзетін қамтамасыз ету, барлық қызметтердің жұмысын бақылауда ұстау маңызды», - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Айта кетейік, Жаңа жыл мерекесі күні 52 жедел жәрдем бригадасы кезекшілік етеді. «103» диспетчерлік қызметінде қосымша байланыс желілері жұмыс істейді. Травматология пункттері үнемі ашық тұрады. Қан мен плазма қоры дайындалды.