Ақтөбеде мониторинг тобы бірнеше тойды тоқтатты
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде той-садақа өткізгендер анықталып, мониторинг тобы құжатты эпидемиолог мамандарға жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында қала аудандары әкімдігі жанынан құрылған мониторинг топтары рейд өткізді.
«Бүгін карантин тәртібін бұзған 5 дерек анықталды. «Юрта», «Хан Сарай», «Манас», «Колизей» және «Ақ Босаға» мейрамханаларында 80-100 адам жинап, той және садақа өткізгендер анықталды. Жергілікті полиция қызметкерлері іс-шараларды тоқтатып, қонақтарды таратты. Материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті органға жіберілді. Бұл жұмыс эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін күн сайын жалғасатын болады», - деп хабарлады Ақтөбе қаласының әкімдігі.
Айта кетейік, жыл басынан бері 62 миллион теңгеге 525 айыппұл салынды. Үйлестіру кеңесі 50 нысанды жоспардан тыс тексерді.
«Бір апта ішінде 73 материал түсті. Оның 50-ін мониторинг тобы анықтады. Карантин тәртібін бұзғандар арасында мейрамхана, лаундж және кальян бары бар», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.