Ақтөбеде мүгедектерді оңалту орталығы мен студенттер үйі салынып жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде маңызды екі әлеуметтік нысан құрылысы жүріп жатыр. Олар мүгедек жандарға арналған оңалту орталығы мен Студенттер үйі. Екі құрылысты да облыс әкімі қарап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақтөбеде 150 орындық оңалту орталығы салынып жатыр. Нысан қаланың Есет батыр тұрғын үй алабында тұрғызылмақ. Бірнеше ғимараттан тұратын үлкен кешеннің құрылысы жарын аяқталады.

Жобаның жалпы құны құрылыс-монтаждау жұмыстары мен сатып алынатын жабдықтарды қосқанда 6,4 млрд теңгені құрайды.

Орталықта мүгедектерді оңалту үшін барлық жағдай жасалмақ, яғни, заманауи жабдықтар, бассейн және басқа жабдықтар болады.

Облыс әкімі бұл нысандардың әлеуметтік маңызы зор екенін атап өтті.

«Нысандар өте маңызды және бекітілген мерзімде салынуы керек. Жабдықтардың сатып алынуын алдын ала қарастырыңыздар, қымбаттап жатыр, соңына дейін жүріп алмаңыздар. Біз мұқтаж жандарға қолайлы жағдай жасауымыз қажет, әсіресе мүгедектігі барларға. Жалпы, мемлекет қаржыны бөліп жатыр, құрылыс қарқыны жаман емес. Келесі жылы оңалту орталығы да, дене шынықтыру-сауықтыру кешені де пайдалануға берілуі тиіс»,- деді Оңдасын Оразалин. ​Айтып өтейік, мердігер қалада дене шынықтыру-сауықтыру орталығын да салып жатыр.

Кейін өңір басшысы Студенттер үйінің құрылыс алаңында болып қайтты.

Жоба «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие арқылы қолдау тапты. Жалпы құны - 1,2 млрд теңге.

Студенттер үйі сегіз қабаттан тұратын болады. Мұнда жоғары оқу орындары мен колледждердің 700 студенті жайғасады.

Серіктестік директоры Сәуле Нұрбергенованың сөзінше, алдағы уақытта жалдау құны - айына 30 мың теңге.

Сонымен бірге студенттерге тегін таңғы және кешкі ас беріліп, шаш қию мен кір жууу да ақысыз болады.

Стомотологияға 50 пайыз жеңілдік бар.

Облыс әкімі Студенттер үйі аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар