Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа ала алмаған компаниялар қорға ақша бөледі

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының әкімі, облыстық кәсіподақ пен мүгедектер қоғамы үшжақты меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа алмаған компаниялар арнайы қорға ақша бөледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа ала алмаған компаниялар қорға ақша бөледі

 Ақтөбе қаласында өткен «Біз біргеміз» акциясы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мейлінше көп жұмысқа орналастыруға бағытталды. Бүгін Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, Ақтөбе облыстық кәсіподақ төрағасы Алтынбек Әмірғалиев және Ақтөбе облыстық мүгедектер қоғамының өкілі, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Құралай Байменова үшжақты меморандумға қол қойды.

«Меморандум аясында Ақтөбе қаласында қор құрылады. Компаниялар үш пайыздық квота бөліп, мүмкіндігі шектеулі жанды жұмыспен қамтуы керек. Бұл талап орындалмаса жұмыс беруші қорға ақша бөледі. Ал қорға жиналған қаржы арқылы мүгедектердің жұмыс істеуіне мүмкіндік береміз. Еуропада бар тәжірибені елімізде алғаш рет іске асырғымыз келеді. Сол кезде мүгедектер өз кәсібін ашып, еңбекке араласады»,- деді Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нейлә Бөртебаева.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бүгін 50 мүмкіндігі шектеулі жанға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін арнайы жолдама тапсырды. Олар әкімдікте, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда жұмыс істейді.